Алматыда бірнеше қылмыс жасаған Қырғызстан азаматы ұсталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалаық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қырғызстандық 26 жасар күдікті Алматыда заңсыз жүрген. Қалаға ол көрші елдегі саяси жағдайдың ұшығуы кезінде келген. ІІД-нің берген мағлұматына сүйенсек, қылмыскер мұнда заңсыз жүрген өзінің жерлестерін тауып алып, біраз уақыт жеке құрылыс нысандарында жұмыс істеп ақша табады.
«Басында ол өз жерлестеріне көмектесіп жүрген, кейін жеңіл ақша табу жолында түнде кеш келе жатқан жалғыз әйелді немесе еркекті аңдып, оларды тонауға кіріскен», дейді Алатау аудандық ІІБ-ның бастығы, полиция полковнигі Қасым Әшіров.
Соңғы оқиға бойынша ұсталушы түнгі он жарым шамасында «Болашақ» базарының маңында 23 жасар қызға шабуыл жасап, оны бетінен ұрып ақша және құжаттар мен үйінің кілті салынған қол сөмкесін алып қашқан.
«Орталық киім-кешек базары маңындағы бес-алты шолғыншы зкипаждың бірі сол түнде жүрісі суыт еркекті байқап қалады. Күдіктіні тексеру кезінде одан әйелдің қол сөмкесі табылған және ол бұл жайында ештене түсіндіре алмаған. Сәлден кейін қалалық жедел кезекші сол аумақта бір қыздың тоналғандығы жайында хабарлаған», дейді Қ. Әшіров.
Ұсталушы уақытша қамау бөлмесіне қамалып, оның басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоқтығы анықталуда.