06:29, 22 Ақпан 2018 | GMT +5
Алматыда бірнеше рет аударылған БМВ Х6 иесі оқиға орнынан қашып кетті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының ықшам аудандарының бірінде жол апаты болып, қымбат көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жол апаты Момышұлы мен Қабдолов көшелерінің қиылысында болған. Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, БМВ Х6 маркалы көлік Момышұлы көшесімен солтүстік бағытта, Тойота Карина Қабдолов көшесімен шығыс бағытта келе жатқан.
Белгісіз себептермен екі көлік жол қиылысында соқтығысып, Тойота Карина сырғанап барып, Момышұлы көшесіндегі жолға тоқтаған. Ал БМВ Х6 бірнеше рет төңкеріліп барып, бағдаршамға соғылған. Қатты соққыдан жол жиегіне шығып қалған.
Жол апатынан Тойота Карина көлігінің жүргізушісі зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. БМВ Х6 жүргізуші болса оқиға орнынан қашып кеткен.