Алматыда Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру мәселелері туралы дөңгелек үстел жиыны өтуде
АЛМАТЫ. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің қалалық департаменті мен "Қазақстандық стандарттау және метрология инстиуты" РМК Оңтүстік филиалының ұйымдастыруымен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру мәселелері бойынша дөңгелек үстел жиыны өтіп жатыр.
18 қарашада Кеден одағы комиссиясының мүшелері Бірыңғай қағидалар мен техникалық реттеу тәртібі туралы келісімге қол қойған болатын. Ол Бірыңғай экономикалық кеңістікке (БЭК) мүше елдердің техникалық реттеу жүйелерін үндестіруге бағытталып отыр. Бұл келісім саудадағы техникалық шектеулерді жою және Кеден одағы комиссиясын техникалық реттеулер бойынша өкілетті етпек.
Техникалық реттеу және метрология комитетінің қалалық департаментінің директоры Шаркан Мажиденовтың сөзіне қарағанда, техникалық реттеу азаматтардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғау, тұтынушыларды адастыратын әрекеттерді ескерту , энергетикалық тиімділік пен ресурстарды жинақтаумен қамтамасыз ету мақсатында жасалып, қабылданады. Келісімге қатысушылар Кеден одағының немесе ЕурАзЭҚ-тың техникалық реттеулеріне сәйкес келетін өнімдердің өз мемлекеттерінің аумағында қосымша талаптарсыз айналымын қамтамасыз етеді. БЭК-тің техникалық реттеулерін жүзеге асыруда өнімдердің сәйкестігін бағалау мақсатында мемлекетаралық стандарттар (ГОСТ) қабылданады. Ондағы үндестіру деңгейі 23 пайызды құрайды. Бұл экономика салаларын дамыту және жаңа технологияларды енгізудегі кедергілерді жоюдағы өзекті жәйт болып отыр. Мәселен, Кеден одағы аясында құрылған бірыңғай өнімдер тізбесі бойынша 1 қаңтардан бастап міндетті сертификаттауға жататын тауарлардың саны 205-тен 51-ге дейін қысқармақ.