Алматыда биткоин «сатып», клиентін тақырға отырғызған алаяқтар сотталды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биткоин сатып алмақ болған азаматтың 140 мың АҚШ долларын ұрлағандар сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Т. есімді сотталушының қылмыстық материалында көрсетілгендей, ол биыл сәуір айында екінші айыпталушымен және өзге де сыбайластарымен танысқан. Олар бірігіп, жасырын жолмен  біреудің мүлкіне қол салмаққа келіседі. Өзара қылмыстық рөлдерін бөлісіп, көліктегі ақшаға ұрлыққа түседі. 

Қылмыстық қойылымға сәйкес Т. мен К. есімді сотталушы криптовалюта сатып алушыны іздеп табады. Олар 15 биткоин үшін 140 мың АҚШ долларын сұрайды. Айыпталушы Т. өзінің сатушы ретіндегі рөлін жақсы ойнап, жәбірленушімен банк бөлімшесінде кездеседі. 

Біраз уақыттан соң К. есімді айыпталушы командасымен бірге жәбірленушінің көлігіне келеді. Сценарий бойынша, жанындағылар ер адамды әңгімеге айналдырып, ұрылардың бірі 140 мың АҚШ долларын (45 663 800 теңгені) алып кетеді. 

Жәбірленушінің соттағы сөзіне қарағанда, оның танысы 140 мың АҚШ долларына 15 биткоин алуға кеңес берген. Криптовалюта өз бағасынан 4 пайыз арзанға сатылатын болған. Бұл ұсынысты қабыл алған ол досымен кездесу белгіленген орынға келеді. Банк кіреберісінде Әлішер болып танысқан Т-ны кездестіріп, ақшаны санап алмақ үшін VIP бөлме іздейді. Мұндай орын табылмаған соң басқа банкке бармақ болғанда Т. көлік ішінде есептесуді жөн санайды. 

Банктен шығып, автотұраққа келіп ақшаны санай бастайды. Әрі Т. өзінің телефонындағы биткоин салынған әмиянын көрсетеді. Бір кезде үшеу отырған көліктің жанына К. бірнеше адамдарды ертіп келеді. Бұларды тысқа шығарып, бір жағдайдың болғанын баяндайды. Ер адам көлігіне қайта кіргенде сөмкесінің ұрланғанына көзі жетеді. 

Сот қос алаяқты ҚР ҚК 188-баптың 4-бөлігі 3-тармағына сәйкес («Аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық») 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтеуге үкім шығарды. 

Сондай-ақ, сот жәбірленушінің азаматтық талабын қанағаттандырып, оның пайдасына сотталушылардан 47 135 295 теңге өндірді.

Соңғы жаңалықтар