Алматыда биыл 11 мыңға жуық шетелдік уақытша және тұрақты тіркелу үшін ХҚО-ларға өтініш берген
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының мәліметінше, Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы бұйрығымен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсат беру қағидаларына өзгерістер енген болатын.
Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде шетелдіктің уақытша тұруы үшін пайдаланылатын тұрғын үй иесінің немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша сенім білдірілген адамның жеке қатысуы қажет екендігі туралы толықтыру енгізілді.
Сондай-ақ, шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам тұрғылықты жерін ауыстырған кезде есепте тұрған ішкі істер органынан оның жеке іс-қағаздары сұралады деген жаңа тармақ қосылды. Бұл ретте шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жаңа тұрғылықты жері бойынша тіркеу өтініш жасалған күні жүзеге асырылады.
Аталған өзгерістер биыл 22 қаңтардан бастап күшіне енді.
«Мемлекеттік корпорация арқылы тіркеу үшін құжаттарды қабылдаған кезде, өтініш берушіге құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат беріледі. Құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді. Шетелдік құжаттар топтамасын толық ұсынбаған немесе қолдану мерзімі өткен құжаттар болған жағдайда, өтінішті қабылдаудан бас тартылады және құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріледі. Айта кетейік, Алматы қаласының ХҚО-лары 2022 жылы шетелдіктерді уақытша және тұрақты тіркеу бойынша 10 309 өтініш қабылдап, 6190-ы оң жауап алды. 2023 жылдың қаңтар айында 11 916 өтініш қабылданып, 9 519-ы мақұлданды» - деді Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының PR менеджері Жаңыл Әпетова.
Айта кетейік, Алматыда мемлекеттік қызметті төмендегі ХҚО-лардан алуға болады:
Әуезов ауданының Халыққа қызмет көрсету бөлімі, Жандосов көшесі, 51, Алатау ауданының Халыққа қызмет көрсету бөлімі, «Алғабас-1» шағын ауданы,, 5 үй, корпус-17, Алмалы ауданының Халыққа қызмет көрсету бөлімі, Бөгенбай батыр көшесі, 221, Бостандық ауданының Халыққа қызмет көрсету бөлімі, «Алмагүл» шағын ауданы, 9а, Медеу ауданының Халыққа қызмет көрсету бөлімі, Марков көшесі, 44, Түрксіб ауданының Халыққа қызмет көрсету бөлімі, Рихард Зорге к-сі, 9, Жетісу ауданының Халыққа қызмет көрсету бөлімі, Серіков көшесі, 6А, Наурызбай ауданының Халыққа қызмет көрсету бөлімі, «Шұғыла» шағын ауданы, 222/5, Көші-қон бойынша ХҚО, Түрксіб ауданы, «Қайрат» шағын ауданы, 181-182, («Жетісу-Семиречье» базары, 2- қабат).