Алматыда биыл 4 өнеркәсіптік парк іске қосылады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда биыл 4 өнеркәсіптік парк іске қосылады. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілері үшін қолжетімді өндірістік алаңдар ұсыну мақсатында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша өнеркәсіптік парктер ашылуда.
Біріншіден, бұл аймақ өз кәсібін жаңадан бастаған адамдарға жарамды, олар кәсіпорындарының табысты жұмыс істеуі туралы алаңдамайды. Екіншіден, өнеркәсіптік парктер қала экономикасының өсуіне айтарлықтай үлес қосады: оларда жаңа жұмыс орындары аышлады, тауарлар мен қызметтер өндіріледі, шағын және орта кәсіпкерлік дамиды, бос қалған ғимараттар жөнделіп, жұмыс істеу үшін пайдаланылады. Жалпы, мұның бәрі қалалық бюджетке қосымша салық ағынын қалыптастырады, сонымен қатар мегаполистің сәулеттік келбетін жақсартады.
«Бүгінде 10 өнеркәсіптік парктер бар, оның 4-і қалада 32 жалға алушымен іске қосылды. Жыл соңына дейін индустриялық аймақта тағы 4 паркте іске қосылды. Ал 2022 жылы тағы екеуін іске қосу жоспарда. Өнеркәсіптік парк мәртебесі «Almaty Business» бағдарламасы аясында ұсынылатын барлық жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік береді», – деді Еркебұлан Оразалин.
Басқарма басшысы өнеркәсіптік парк құру жөніндегі жобаның маңыздылығына тоқталды.
Кәсіпкерлер қолжетімді алаңдарда бизнес ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік алады. Бір шаршы метр орынға 150 мың теңгеге орын сатып алу, бір шаршы метрге 1200 теңге көлемінде жалға алу мөлшерлемесінің тіркелген құны белгіленді», - дейді ол.
Сондай-ақ Кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма басшысы Алматыда ШОБ-ты қолдаудың түрлі бағдарламалары аясында кәсіпкерлік саласында 10 мыңнан астам жұмыс орнын құру туралы айтты, бұл мегаполис экономикасының дамуына әсер етеді.