Алматыда биыл 6 мыңнан астам тұрғынды баспанамен қамту жоспарланып отыр

Оның сөзінше, бүгінде коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу үшін кезекте 30 880 адам тұр. Оның ішінде: 1 908 – жетім бала, 3 268 – көпбалалы отбасы, 11 292 – бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 14 412 – халықтың әлеуметтік осал топтары.
«Жыл басынан бері 1 909 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 41 адам коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алды, яғни жалдамалы, сатып алу құқығынсыз, 1117 - «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 13,5 млрд теңгеге жуық, тағы 85 адам - «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша (2-10- 20) 118 млн 400 мың теңгеге және 666 адам «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша (5-10-25) 8,8 млрд теңге сомасында», - деді Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы.
Данияр Қырықбаевтың айтуынша, биыл 6 047 алматылықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде 1 451 адам жалдамалы баспанаға сатып алу құқығынсыз көше алады, кезекте тұрған 401 адамға пәтер сатып алу құқығынсыз жалға (185 - көпбалалы отбасылар; 216 - халықтың әлеуметтік осал топтары) беріледі. Жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі жастар үшін 1 050 пәтер сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалға берілді, 35 жасқа дейінгі «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 1 000 пәтер .
«Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша «Шаңырақ», «Бақытты отбасы», «Несиелік тұрғын үй» жеңілдік несиелік бағдарламалары бойынша бастапқы төлем үшін номиналы 1 млн теңге болатын екі мың қайтарымсыз тұрғын үй сертификатын беру туралы шешім қабылданды», - деді спикер.
Тұрғын үй сертификаты жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, мүгедек баласы бар отбасыларға, 1 және 2 топтағы мүгедектерге беріледі. Айта кетерлігі, 2 шілдеден 17 тамыз аралығында 127 өтінім қабылданып, мақұлданды.