Алматыда биыл 86 көппәтерлі тұрғын үйдің лифті жаңартылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – ТҮКШ жаңғыртудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімде көпқабатты үйлердің тұрғындары бюджет қаражаты есебінен қайтарымды негізде күрделі жөндеу жүргізе алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Қазір қаланың тұрғын үй қорында 6 285 лифт бар, оның 386-сы 25 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді.

«Былтыр жергілікті бюджеттен қайтарымды негізде бөлінген қаражат есебінен 170 үйде 358 лифт жабдығы ауыстырылды. 2023 жылы 86 көппәтерлі тұрғын үйде 155 лифт жабдығын ауыстыру жоспарланған. Жаңғыртудың осындай қарқынымен нормативтік мерзімде 25 жыл жұмыс істеген лифтілер саны 2024 жылға қарай айтарлықтай азаятын болады», - деп хабарлады әкімдіктен.

Бағдарлама операторы – «Алматы тұрғын үй» ЖШС. Бағдарламаны іске асыру барысында 2011-2022 жылдары 965 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, 907 үйде 1 935 лифт ауыстырылды. 2023 жылы 100 көппәтерлі тұрғын үйде жөндеу жоспарланған. Жөндеу жұмыстарының түрлері – шатырды, инженерлік және электр желілерін ауыстыру, кіреберіс пен қасбетті жөндеу.

Бағдарламаға қатысу үшін тұрғындар жиналыс жасап, тұрғын үйді жөндеу туралы шешім қабылдайды және өз арасынан жауапты тұлғаны таңдайды. Осыдан кейін басқару органы (МИБ немесе ПИК) хаттама мен қатысуға өтінімді бағдарлама операторына ұсынады. Осы құжаттардың негізінде оператор жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және үйді күрделі жөндеуге ақшалай қаражат бөлуге бюджеттік өтінім береді.


Соңғы жаңалықтар