Алматыда биыл алғаш рет тауар өндірушілермен 33 миллиард теңгенің келісімі жасалды - Ахметжан Есімов
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Самұрық-Қазына контракт" ұсынған деректер бойынша Алматы қаласында қазіргі таңда 328 милиард теңгенің келісімі жасалды. Ол жайлы қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін "Мемлекетік тапсырыс-2010" акциясы аясында өткен мәжілісте айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Оның 206 миллиарды - тауар жеткізу, 54 миллиарды - жұмысты орындау, 67 миллиарды қызмет көрсету бойынша жасалды. Статистика деректеріне қарағанда, келісімшарттардың 60 пайызы ұлттық компаниялардың өздерінің кәсіпорындары арасында болды. Сатып алу көлемінің 30 пайызы делдалдық сауда компанияларының үлесіне тиеді", дейді әкім. Оның айтуынша, Алматы қаласындағы тауар өндірушілермен 33 миллиард теңгенің келісімі жасалып отыр. Бұл - келісімшарттардың 10 пайызы. Ол көздеген межеден аз болғанымен дағдарыс жағдайында көңіл жұбатарлық көрсеткіш.