Алматыда биыл энергетика саласын дамытуға мемлекеттен 22, 4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр
; АЛМАТЫ. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда биыл энергетика саласын дамытуға мемлекеттен 22,4 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Бұл бүгін қалалық мәслихаттың ХХ сессиясында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қала әкімі Ахметжан Есімовтің алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы туралы есебіне қарағанда, Алматыдағы энергия кешені кәсіпорындарының шоғырландырылған бюджеті 71 миллиард теңге жуық. Оның 22,4 миллиарды мемлекет қаржысы. Алғашқы жартыжылдықта құрылғанына 1 жыл болған Алатау ауданынын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін 2 кіші стансыны қайта құру аяқталды. 24 шақырымдық жылу желісінде жөндеу жүргізілуде. Оның 7,4 шақырымы Жол картасы бойынша жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда "Топливная" кіші стансысы мен ЖЭО-1 қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Қаладағы электр беруді жақсарту үшін 56,7 шақырымдық электр желілерінде апаттық-қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жасалуда. Ықшам аудандарда газ құбыры тартылуда. ЖЭО-1 мен ЖЭО-3 жалғастыратын жылу магистралінің құрылысы одан ары жалғасуда. Оған ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 5 миллирд теңге бөлінді. Электр қуатын тиімді пайдалану мақсатында қаланың тұрғын үй- коммуналдық секторында "күн-түн" қағидаты бойынша электр тұтынуды жеке есептеу енгізілуде.