Алматыда биыл Наурызбай ауданын дамытуға 40 млрд. теңге бөлінді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Биылғы жылы Алматы қаласының Наурызбай ауданын дамытуға 40 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Алматыда биыл Наурызбай ауданын дамытуға 40 млрд. теңге бөлінді

Қазіргі таңда Наурызбай ауданында екі жаңа ұңғыма бұрғыланып, Таусамалы ықшам ауданындағы бұрыннан бар 2 су ұңғымасы қайта жөндеуден өткізілді.

Қабылданған жобаға сәйкес, Қалқаман 1, 2, 3, 4 және Алты-Алаш шағынаудандарында 2014 - 2016 жылдары аралығында ұзындығы  7,5 шақырым болатын су құбыры мен 5,5 шақырым кәріз желісі тартылады. Бүгінгі күні олардың 80 пайызы игерілген. Ақсай өзені бойында ұзындығы 10 шақырым және Қарағайлы өзені бойында да ұзындығы 10 шақырым болатын су тоғандарын салудың жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр.

Шұғыла, Тастыбұлақ, Таужолы, Таусамалы, Құрамыс, Қарғалы, Жайлау ықшамаудандарында ұзындығы 62,1 шақырым болатын су құбыры мен ұзындығы 44,8 шақырым болатын кәріз желісін салу құжаттары жасалу үстінде.

Қарағайлы шағынауданындағы Нәдіров, Мақатаев, Сейфуллин, Тәжиев көшелерінде, Қарғалы шағынауданындағы Кәрібай ақын, Таусамалы шағынауданындағы Рысқұлов көшелерінде 51 электр бағанасы, 2880 электр желілері ауыстырылды.

Бүгінгі күні аудандық ЭС-3-пен бірігіп, 10/0,4 кВ желілерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Аудан аумағында жалпы ұзындығы 44,4 шақырым болатын көшелер жөнделді. Қазір Гроза, Рысқұлов, жоғары Ақсай көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауданда 1545 метрлік арық жүйесі қалпына келтірілді. Аудан құрылғалы бері 7 500 шаршы метрлік аумаққа гүлзар отырғызылып, 2 гүл бағы абаттандырылды.

Қазіргі кезде аудандық ІІД, басқа да мемлекеттік органдар нысандарының құрылыстары салынып жатыр. Олардың жалпы құны - 6 млрд. 874 млн. теңгені құрайды. Жергілікті бюджет есебінен №7-ші қалалық емхана жанынан бір ауысымда 200 адамды қабылдай алатын емхана салынуда. Оған бөлінген қаржы көлемі - 1 млрд. 410 млн. теңге (2016 жылы пайдалануға беріледі).

Бұдан өзге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бірқатар әлеуметтік нысандар салынады. Сондай-ақ, 153 гектар жерге 1200 орындық мектеп, бір ауысымда 500 адам қабылдай алатын емхана бой көтереді. Бұлардың құны - 3 млрд. 120 млн. теңге ( 2017 жылы пайдалануға беріледі).

Сонымен қатар, №157-ші орта мектеп жанынан 900 орындық қосалқы нысан салынуда. Оның құны - 980 млн. теңге (2016 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі).

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балаларға арналған 10 спорт алаңы іске қосылды. Қазір қосымша дәл осындай 6 алаң салынуда.

Жеке үйлерді су басып қалмау үшін Қарағайлы өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған бөлінген қаржы - 2 млрд. 351 млн. теңгені құрайды. Дәлірек, өзен арнасының тау бөктеріндегі бөгеттен Жандосов көшесіне дейінгі аралығында, яғни ұзындығы - 7,708 метрлік участогінде нығайту жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда «Балапан» бағдарламасы бойынша мектеп жасына дейінгі балаларға арналған 28 мекеме ашылып, олар 1178 баланы қамтыды.

Ауданда 600 (0,9%) шағын және орта бизнес нысандары бар. Әрине, салық базасының төмендігі ауданның кіріс бөлігіне кері әсерін тигізуде.

Наурызбай ауданының тұрғын үй қоры - 172 көпқабатты үйлерді құрайды. Олардың тоғызы - ескі үйлер. Ауданда 15 мың жеке тұрғын кешені бар. Бұл, қалалық көрсеткіштің - 11 пайызына тең.

Естеріңізге сала кетейік, Наурызбай ауданының құрылғанына дәл 2 жыл толды. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы 2 шілдедегі Жарлығы бойынша «Наурызбай ауданын құру және Алматы қаласының шекарасын белгілеу туралы» Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы мен Алматы қалалық мәслихаты XXIX сессиясының шешімі шыққан болатын.

Наурызбай ауданы қалаға Алматы облысынан бөлінді, мегаполиске 11 елді мекен және Алматы қаласының Әуезов ауданынан Қалқаман 1, 2, 3 ықшамаудандары енді. Ауданның жалпы алаңы - 6 967 гектар. Жаңадан құрылған әкімшілік- аумақтық бірлікте - 150 мыңнан астам  адам өмір сүруде.