Алматыда биыл соңғы 20 жылдағы тұңғыш мәдениет нысаны салынады - Мәдениет басқармасының бастығы

АЛМАТЫ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Алматы қаласында 25 наурызда «Мәдениет жылы» жарияланады. Бұл туралы Мәдениет басқармасының бастығы Қайрат Құлбаев бүгін баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Алматыда биыл соңғы 20 жылдағы тұңғыш мәдениет нысаны салынады - Мәдениет басқармасының бастығы

Қала әкімі 8 ақпанда тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде ағымдағы жылды «Мәдениет жылы» деп жариялау туралы ұсыныс айтып, ол тұрғындар тарапынан қолдау тапқан болатын. Қ. Құлбаевтың айтуынша, бұл шаһардағы мәдениеттің дамуына тың серпіліс бермек.

«Биыл жыл соңына дейін 28 гвардиялық панфиловшылар саябағындағы даңқ мемориалы, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайы қайта жаңартылып, Сапарғали Бегалин атындағы мемлекеттік балалар кітапханасына компьютерлік жүйенің дыбыстық, бейнепроекциялық жаңа технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Алатау ауданында 1 мың адамдық көпсалалы концерт залының құрылысы басталып, Боралдай сақ қорғандары археологиялық мәдени кешені жобасының техникалық экономикалық негіздемесі жасалады», - дейді Қайрат Рахымжанұлы. Оның айтуынша, ағымдағы жылы Мәдениет басқармасының бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 1 пайызға ұлғайып отыр. «Мәдениет жылы» аясында жүзеге асырылатын көптеген шаралар серіктестер мен демеушілер көмегімен жасалады. Сондықтан оған жұмсалатын қаржы көлемі әлі нақтыланған жоқ.