Алматыда биыл табиғи газдан 10 адам уланды, оның бесеуі бала
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда биыл табиғи газдан 10 адам уланды, оның бесеуі бала. Аброй болғанда, бәрі аман. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте қалалық Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Данияр Жүсіпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл 2-ші қазан күні Медеу ауданында жеке тұрғын үйлердің бірінде бес адам табиғи газдан уланды, оның екеуі 2019 және 2022 жылы туған балалар. Абырой болғанда бәрі аман- есен. Ауруханада медициналық көмек көрсетілгеннен кейін олар үйлеріне шығарылды. Осыған ұқсас тағы бір оқиға 31 қазанда Алатау ауданында 2 қабатты жеке тұрғын үйде болды, 5 адам көгілдір отыннан уланған, оның ішінде үшеуі 2014, 2012, 2021 жылы туған балалар. Олар да дін аман»,- деді спикер.
Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының басшысы Данияр Жүсіпов мегаполис тұрғындарына газ баллондары мен газ жабдықтарын тек осы өнімдерді сатуға сертификаттары бар мамандандырылған ұйымдардан сатып алуға кеңес берді.
«Мамандардың қызметіне жүгіне отырып, жыл сайын газ жабдықтарын міндетті түрде тексеру керек. Желдету құбырларының жарамды істеп тұрған-тұрмағанын бақылау керек, бөлмені үнемі желдету керек, әсіресе ұйқыға жатар алдында. Газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау, сонымен қатар жиһазды және басқа да жанғыш заттарды жылыту пештері мен газ құрылғыларының жанына қоймау, киімдер мен отынды кептірмеу өте маңызды», - деді құтқарушы.