Алматыда биыл жол-көлік апаттарынан 7 бала мерт болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпара – Алматыда биылғы жыл басынан балаларға қатысты 680 жол апаты болды. Салдарынан 7 бала қаза тауып, тағы 750-і түрлі дене жарақатын алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде қалалық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Болатбек Баятанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жыл басынан бері мегаполис көшелерінде 3073 жол апаты тіркелді. Салдарынан 81 адам қаза тапты. 3496 адам түрлі дене жарақатын алды. Қалада жол-көлік оқиғасы 2021 жылмен салыстырғанда 21,5 пайызға көбейді, оның ішінде қаза тапқандар саны 29 пайызға, зардап шеккендер саны 18 пайыға артты»,- дейді спикер.
Сонымен қатар ол жол апаты салдарынан көбіне балалар зардап шегіп жатқанын атап өтті.
«Биыл жыл басынан бері балаларға қатысты 680 жол апаты болды, 7 бала қаза тапты, тағы 750-і түрлі дене жарақатын алды. Өкінішке орай, барлық позиция бойынша өсім байқалады», - дейді Болатбек Баятанов.