17:37, 25 Желтоқсан 2009 | GMT +5
Алматыда биылғы жылы жол апаттарының саны азайған
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 25-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматы көшелерінде жол-көлік апаты мен апаттан жарақат алушылар саны азайған.

Бұл туралы қалалық ІІД мен таксопарктер басшыларының кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жыл басынан бері қалада 2206 жол-көлік оқиғасы болған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға төмен. Бұл оқиғалардың салдарынан 152 адам қайтыс болса, 2435 адам жарақат алған. Адам өлімі 11 пайызға, жарақат алушылар саны 5 пайызға азайғаны байқалады. Бұнымен қатар жаяу жүргіншілерді қағып кетіп, мерт қылудың 27 оқиғасы тіркеліп, оның 19-ы ашылған.
Қабылданып жатқан шараларға, түрлі рейдтер мен сауықтыру шараларына қарамастан Алматыда жол қауіпсіздігі әлі де алаңдатарлық болып отыр. ІІД өкілдерінің айтуынша, бұған басты себеп қалада тіркелген көліктер санының артуы. Қазіргі таңда Алматыда 520 мың көлік тіркелген.