Алматыда бизнес нысандары коммуналдық меншікті жалдау ақысын төлемейді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында шағын және орта бизнес субьектілерінің коммуналдық меншікті жалға алу ақысын төлеуді доғара тұру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның хаттамасы негізінде 20 наурыздан бастап мүліктік келісімшарты бар жалға алушылардың аренда ақысы 3 айға тоқтатылады.
Бұл мүмкіндік қалада жарияланған төтенше жағдай режіміне байланысты жалдау ақысын төлей алмайтын шағын және орта кәсіп иелеріне беріліп отыр.
Алматы әкімдігі осылайша кәсіпкерлердің жұмыс орындарын, еңбекақысын төлеу мүмкіндігін сақтап қалмақ.
Сұрақтар болса, + 7 (727) 390-18-30, + 7 (727) 390-18-24 телефондарына хабарласуға болады.