Алматыда бизнеске келген шығын шамамен 44 млрд теңгені құрап отыр – ҰКП
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы қаласы мен басқа өңірлерде бұзақылық салдарынан келген шығын көлемін анықтау жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.
7 қаңтардағы жағдай бойынша «Атамекен» ҰКП call орталығына 755 қоңырау келіп түскен. Және 662 нысан бойынша, оның ішінде 14 ірі сауда үйінде 519 құқықбұзушылық фактісі тіркелді. Зардап шеккен субъектілер қатарында сауда, тамақтану орындары, көлік, халыққа қызмет көрсету саласы және қаржы нысандары бар. Сондай-ақ, «Қорамсақ» қауымдастығының мәліметінше, Алматыда 6 қару-жарақ дүкені тоналған.
Хабарламада айтылғандай бұзақылық салдарынан нысандар мен ғимараттардың 70 пайызы қираған.
«Келген шығын көлемі шамамен 44 млрд теңгені құрап отыр. Және кейбір қираған нысандарға кіру мүмкін болмағандықтан оған келген шығынды есептеу әзірге мүмкін емес», - дейді ведомстводан.
Одан бөлек, 6 қаңтардан 7-не қараған түні Алматы қаласындағы Silk Way, Aport Mall және «Мечта» сауда желісінде бұзақылықтың жалғасқандығы айтылды.