Алматыда «Бөбек» қайырымдылық қорының 20 жылдығы аясында Сара Алпысқызының грант иегерлерімен арнайы кездесу болып өтті
АЛМАТЫ. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Биыл Сара Алпысқызы Назарбаеваның тікелей бастамасымен құрылған «Бөбек» қайырымдылық қорына 20 жыл толып отыр.
Осыған орай, республикамыздың барлық аймағында мерекелік іс-шаралар өтуде. Аталыш шара аясында бүгін Алматыда «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының Адамның үйлесімді дамуы институты Сара Алпысқызының грант иегерлерімен «Достар шеңбері» атты арнайы кездесу өткізді.
Естеріңізге сала кетсек, бұл білім гранттары жетім, тұрмысы төмен көпбалалы отбасынан шыққан, асыраушысынан айырылған, ата-анасының бірінің қамқорында қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында тағайындалған болатын.
Кездесудің мақсаты - «Бөбек» қорының 20 жылдық мерейтойын атап өту және Сара Алпысқызының арнайы грант иегерлерінің Жоғарғы оқу орындарында білім алу үдерісінің алғашқы қорытындыларын шығару болып табылады. Бүгінде 72 жасөспірім Сара Алпысқызының арнайы грант иегерлері.
Шара Адамның үйлесімді дамуы институты ұжымы құрастырған оқулықтар, әдістемелік көмекші құралдар, республикалық журналдар қойылған көрмемен ашылды. Атап өту керек, Адамның үйлесімді дамуы институты «Өзін-өзі тану» пәні бойынша тікелей рухани-адамгершілік идеясын жүзеге асырып отырған орын. Кездесу барысында Грант иелерінің бүгінгі студенттік өмірі жайлы фоторепортаждар көрсетіліп, оларға сыйлықтар табыс етілді. Өз кезегінде грант иегерлері алғыстарын білдіріп, «Бөбек» қайырымдылық қорының 20 жылдығымен құттықтады. Шара барысында сондай-ақ, оқу-әдістемелік кешендерінің авторлары шеберлік сыныптар өткізді.