Алматыда Бодрумның туристік орталық ретіндегі тәжірибесі пайдаланылмақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Ерболат Досаев Бодрум қаласының мэрі Ахмет Араспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматыда Бодрумның туристік орталық ретіндегі тәжірибесі пайдаланылмақ

Кездесу барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ, туризм саласындағы әріптестік мәселелері талқыланды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы мен Түркия арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,5%-ға өскен, яғни 380 млн доллардан асты. Бодрумның танымал туристік орталық ретіндегі тәжірибесі Алматы үшін пайдалы болуы мүмкін.

«Кездесу барысында «Алматы қаласын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар» бойынша туристік саланы дамытуға көп көңіл бөлінетіні атап өтілді. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығы айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар перспективалы бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты дамыту туралы уағдаласты»,- делінеді хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен жұмыс істейтін компаниялардың жартысынан көбі Алматыда орналасқан. Алматыда «Ахыска» этномәдени орталығы жұмыс істейді, 30-дан астам мектепте түрік тілі оқытылады, бірлескен мәдени іс-шаралар өткізіледі.



Фото: gov.kz