Алматыда болашақ мамандарды дайындауға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда желтоқсанның 9-ы күні «Болашақ мамандарды 12 жылдық оқытуға көшу жағдайына даярлау мәселелері мен келешегі» деп аталатын республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл шараны ұлағатты ұстаз, көрнекті педагог-ғалым, профессор Ромсейіт Қоянбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің психология-педагогика факультеті ұйымдастырып отыр. Ромсейіт Мұхаметжанұлы 1939 жылы желтоқсанның 10-ы күні Қызылорда қаласында дүниеге келіп, 2008 жылы қаңтардың 2-сі күні Алматыда көз жұмған болатын.
«Р. Мұхамеджанов 1969-1980 жылдары Қызылорда облыстық партия комитеті мен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасында түрлі қызметтер атқарды. 1980 жылы педагогика ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, сәуір айынан бастап Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының педагогика кафедрасына ұстаздық қызметке ауысты. Аталмыш оқу орнында 1986 жылдан 1999 жылға дейін өзі негізін салған «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» факультетінің деканы, 1999-2000 жылдары бастауыш мектеп педагогикасы кафедрасының меңгерушісі, ал 2000-2004 жылдары жаңадан құрылған психология-педагогика факультетінің деканы болды. Өмірінің соңына дейін «Бастауыш мектеп педагогикасы» кафедрасында профессор қызметін атқарды», дейді ғалымның әріптесі, педагогика ғылымының докторы Роза Қарпыққызы. Оның айтуынша, Ромсейіт Мұхамеджанұлы қазіргі кезде өзекті боп отырған кредиттік оқу жүйесі, 12 жылдық білім беру жүйесі, шағын жинақы мектепке маман дайындау, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі және тағы басқа мәселелерді осыдан 10-15 жыл бұрын көтеріп, өз жарияланымдарына арқау етті және оларды оқу-тәрбие үдерісіне ендірді.