Алматыда «Болашақ» стипендиаттарының форумы өтті

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматыда «Болашақ»-2011: Болашақтың іргесін бірге қалайық» IV форумы өтті.

Алматыда «Болашақ» стипендиаттарының форумы өтті

Іс-шараға «Болашақ» бағдарламасының түлектері, «Болашақ» Қауымдыстығы Кеңесі төрағасының орынбасары, «Казкоммерцбанк» АҚ Басқарушы директоры Мағжан Әуезов, «Business Media Group» Бас директоры Арман Ыдырысов, «Казтелерадио» АҚ төрағасының 1-ші орынбасары Азат Машабаев, «Сбербанк» АҚ төрағасының орынбасары Шухрат Садыров, әкімдік жанындағы жастар саясаты ісінің басқарма бастығы Бахтияр Макен және басқалар қатысты.

Болашақтықтар өздерін кәсіби біліктілігі жағынан ғана көрсетіп қоймай, сондай-ақ, белсенді түрде өз азаматтық ой-пікірлерін білдіріп, іс жүзінде қоғамның дамуына, отандық үкіметтік емес сектордың қалыптасуына, қазақстандық жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруға қатысуда. Елбасының саясатының арқасында мемлекетте Қазақстанның болашағы болып табылатын жастардың үйлесімді тәрбиеленуі үшін барлық жағдай жасалған.

Форум шеңберінде қазіргі еңбек нарығындағы ахуал бойынша әр түрлі семинарлар, тренингтер және дәрістер өткізілді. «KPMG» тексеру бөлімінің менеджері Елена Аверина, «Делойтт» басқару серіктесі Даррел Хэдэуей, «Еуразиялық банк» АҚ бас директоры Гүлнәр Мусина және бизнестің басқа да өкілдері болашақтықтармен, қазақстандық оқу орындарын бітіруші түлектермен және түрлі саладағы мамандармен өз тәжірибелерімен бөлісіп, ой қозғап, өзара пікір алмасты.

Сонымен қатар, жастарды жұмыспен қамту, жұмысқа бейімдеу мәселелері де қаралды. Қаржылық институттар мен ірі қазақстандық компаниялардың басшылары қатысқан бос қызмет орындары жәрмеңкесінде шет елде, елімізде беделі бар жоғары оқу орындарының түлектері жұмысқа орналасу мен еліміздегі қазіргі еңбек нарығындағы жағдай туралы ақпарат ала алды.

Осыдан 17 жыл бұрын ашылған президенттік «Болашақ» стипендиясының түлектерінің саны бүгінгі таңда 3,5 мыңнан асады. Олар еліміздің жеке секторында, ұлттық компаниялар мен мемлекеттің үлесі бар компанияларда, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік мекемелерде еңбек етуде.

Бұл форумда «Болашақ» Қауымдастығы бірнеше ұйымдармен, түлектерді жұмысқа орналастыру жайында «Ынтымақтастық жөнінде меморандумға» қол қойды.