Алматыда «Болашаққа интеллектуалдық серпіліс» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр
Конференцияның мақсаты - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы қазанның 13-де осы оқу орнының қабырғасында оқыған «Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: болашаққа интеллектуалдық секіріс» атты дәрісіндегі қозғалған Ұлт көшбасшысы бастамасы аясында Қазақстандағы зиялы ұлтты қалыптастырудың түпкілікті мәселелерін талқылау. «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңес пен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп өткізіп отырған шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ғалымдар, сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, халықаралық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері қатысуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференция барысында «болашаққа секіріс жасауға» болатын салалардың мүмкіндігі жайлы сарапшы мамандардың баяндамалары тыңдалады. Сарапшылар қатарында заң ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің деканы Дәулет Байделдинов, психология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей мемлекеттік медицина университетінің Л.С. Выготский атындағы Психология институты, психология тарихы мен теориясы кафедрасының меңгерушісі Владимир Кудрявцев, философия ғылымдарының кандидаты, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің Социология тарихы мен теория кафедрасының доценті Гүлшат Оразалиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Құқықтық кеңестің мүшесі Мұрат Әбенов, «Болашақ» стипендиаттары қауымдастығы кеңесінің мүшесі Арман Ыдырысов және тағы басқа мамандар бар.