Алматыда Болатхан Тайжан туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтті
АЛМАТЫ. 8 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін көрнекті қоғам қайраткері, дипломат, публицист Болатхан Құлжанұлы Тайжанның дүниеге келгеніне 70 жыл толды.
Осыған орай Алматыда журналист Қасым Аманжолұлының авторлығы мен режиссерлігімен "Жайнаған туың жығылмай..." деп аталатын деректі фильмнің тұсаукесері жасалып, ас берілді.
"Қазақ атты көне ел, көне халық тарихымыз сиясы әлі кеппеген тарауында Болатхан Құлжанұлы Тайжан деген аты-жөннің өшпеске жазылып тұрғаны ақиқат. Болатханның өмірі толқын-толқын болып келіп жататын ұрпағына өнеге. Ол араб әлемінің есігін Қазақстанға айқара ашқан тарихи тұлға. Елдестіру ниетімен әлемнің ондаған мемлекетінде болғанын, соның бәрінде де Қазақстанын, қазағын насихаттаған ұлы еңбегін тізбелемегеннің өзінде", - дейді жазушы, сатирик Ғаббас Қабышұлы.
Оның айтуынша, философ, дипломат, тарихшы, журналшы, тіл жанашыры Болатхан хақында естелік айтыла бастағанына 5 жыл болды. Есен-сау болса жасы 70-ке бүгін ғана толатын, бірақ 65 жыл ғана өмір сүрген Болатханның еліне, халқына сіңірген қыруар еңбегін зерттеу, талдау әлі алда. Ол өрістей береді. Болатхан Құлжанұлы шет елдермен арадағы елшіліктерімізде іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесін тәуелсіздігіміздің туымен бірге көтерді. Оны өзі іске асырды да, барлық елшіліктерде солай болу қажеттігін мемлекеттік шара деңгейіне жеткізе айтты.