Алматыда болған өрт 12 отбасын баспанасыз қалдырды

АСТАНА. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат - Алматыда болған өрт 12 отбасын баспанасыз қалдырды. Бұл ақпаратты еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Алматыда болған өрт 12 отбасын баспанасыз қалдырды

Қаланың Түрксіб ауданына қарасты «Жұлдыз-2» ықшамауданындағы тұрғын үйдің өртеніп жатқандығы туралы хабар оңтүстік астананың өрт сөндіру қызметіне түскен. Сағат 15:25-те құрамында 3 бөлімше бар 4-ші өрт бөлімінің бірінші бөлімшесі жеткен кезде ғимараттың 1-ші қабаттан 10-қабатқа дейінгі аралықтағы сыртқы алюкобондты қаптамасы қарқынды өртеніп жатқан. Осыған орай тілсіз жауды ауыздықтау мақсатында қосымша 9 бөлімше жіберілген.

«Алдын ала жүргізілген барлау барысында ғимараттың мансардында орналасқан 12 пәтердің және шатырдың өртенгені анықталды. Қатерге толы өртті ауыздықтау барысында 1 адам құтқарылып, 40 тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді», делінген баспасөз хабарламасында.

Қызыл жалынды сөндіруге 14 негізгі және 5 арнайы өрт сөндіру техникасы, гарнизонның жеке құрамындағы 110 маман жұмылдырылған.

Түн ортасында сөндірілген өрт 880 шаршы метрді қамтып, ғимарттың бүкіл мансарды жарамсыз болып қалды. Өрттің шығу себептері мен келтірген материалдық зиян нақтылануда. Төтенше жағдай орын алған жерде Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің тергеу бөлімі жұмыс істеуде.