Алматыда болған өрттен жапа шеккендер жоқ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өрт ошағынан 6 газ баллоны шығарылды, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда болған өрттен жапа шеккендер жоқ

Еске сала кетейік, бұған дейін бүгін таңертең Алматыда көп қабатты ғимарат шатырында өрт шыққаны хабарланған болатын.

«16 қаңтар сағат 08:55-те Алматы қаласы бойынша ТЖД-нің 101 пультіне Медеу ауданы, Жібек Жолы 64 мекенжайы бойынша орналасқан 8 қабатты тұрғын үйдің шатырынан өрт шыққаны туралы ақпарат түсті. Өрт сөндіру қызметі аталған мекенжайға 8 минут ішінде, яғни сағат 09:03-те барды. Қосымша ақпарат алдағы уақытта хабарланатын болады», деп хабарлаған болатын Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.

Оның мәліметіне сүйенсек, ғимарат шатыры қатты түтіндеген. Өрт сөндірушілер өкпені түтіннен қорғау аппаратын пайдаланып, ғимаратта адам бар-жоғын тексеріп шықты. Сонымен қатар, қосымша өртке себеп болатын құрылғыларды да іздеді. Қолданылған шара нәтижесінде 6 газ баллоны шығарылды.

«Өрт сағат 09:10-да ауыздықталып, 09:14-те сөндірілді. Өрт аумағы 5 шаршы метр. Онда ауа айналымы арнасына қалдырылған тағамдардың кесірінен «REDDRACON» мейрамханасының ауа өткізгіш электрқозғалтқышы өртенген», деді ТЖД-нің ресми өкілі.

Өрттен жапа шеккендер жоқ.