Алматыда бопсалаушы топ ұсталды

АЛМАТЫ. 30 маусым. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда бопсалаушы топ ұсталды. Төрт бопсалаушылардың жасы 18-20 жас аралығында. Олар жеке меншік компанияларда жұмыс істейтін, Алматы қаласының "Айнабұлақ" ықшам ауданында тұратын болып шықты, деп хабарлайды Алматы қаласының ІІД-нің баспасөз қызметі.

 Алматыда бопсалаушы топ ұсталды

Жас жігіттер өз құрбандарын көршілері арасынан және тек жасөспірімдерді іздеген.

"Полицияға жасөспірім баланың анасы шағымданды. Ол 18 жастағы ұлын белгісіз біреулер 500 мың теңге талап етіп, бопсалап жатқандығын жеткізді. Бермейтін болған жағдайда "таяқтың астына аламыз" деп қорқытқан. Біз бұл хабар түсісімен жедел шараны ұйымдастырып, арнайы тергеу тобын құрдық. Тапа-тал түсте бопсалаушылар талап еткен қаржыны алу барысында құрықталды. Операция "Арлан" арнайы бөлімшесімен бірігіп іске атқарылды",-деді Алматы қаласының ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқарамасы бастығының орынбасары, полковник Ерлан Қасым.

Оның айтуынша, бұл қылмыстық топтан тағы да бірнеше жас балалар зардап шеккен.

"Ол тексеру барысында белгілі болды. Қазір тексеру басқармасында екі арыз-шағым жатыр. Бұл топтан құрбан болған адамдардың тізімі әлі де өсуі әбден мүмкін. Қазір ұсталғандардың басқа осы сынды қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Олар бұған дейін істі болмаған. Осы іс бойынша олар өз кінәларын мойындады. Қорқытып, күштеп алу фактісі бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды",-деді Е. Қасым.