Алматыда бос тұрған ғимарат өртенді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласы Жетісу ауданында бос тұрған ғимарат өртенді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова хабарлады.

Алматыда бос тұрған ғимарат өртенді

Ресми өкілдің мəліметіне сүйенсек, өрт 22 наурыз күні түнгі сағат 23.30-да басталған. Он минуттан кейін өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен. Өрт сөндірушілер жалынды сағат 00.40-та ауыздықтады. Сағат 01.09-да тілсіз жау толық сөндірілді.

«Өрт 800 шаршы метр аумаққа тарап кеткен. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіру үшін 60 адам, 14 техника мен 6 арнайы техника жұмылдырылды»,-деп хабарлады Сандуғаш Баймұханбетова.