Алматыда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 15 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатыр. Оның мақсаты - жұмыс берушілер мен іздеушілердің арасында тікелей байланыс орнату арқылы жұмыс іздеуші азаматтардың жұмысқа орналасуларына жәрдемдесу болып табылады.
None
None

Аталмыш шараның ұйымдастырушылары - Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Алмалы ауданының әкімдігі, Алмалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.

Жәрмеңкеге келушілердің әрбірі қалада бар бос жұмыс орындарымен, кәсіби даярлау курстарында оқытылатын мамандықтардың тізімімен, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шараларымен таныса алады.

Жәрмеңкеге «Темірбетон» ЖШС, «Рахат» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «Қазақстан» қонақүйі, «Маслодел» компаниясы, «Кока кола Алматы Ботлерс» кәсіпорны, «Mon Ami» сауда үйі сынды 70-тен астам жұмыс беруші компаниялар қатысуда. Олар 1000-нан аса бос жұмыс орындарын ұсынуда.

Шараға сонымен қатар, қаланың оқу мекемелері, ҮЕҰ-дар, қалалық еңбек биржасы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бсқармаларының бөлімдері қатысуда. "Жәрмеңкенің ерекшелігін атап өткім келеді, бұл шара биылғы жылғы алғашқы жәрмеңке. Сондықтан біз ерекше өткізуге тырыстық. Жұмыс іздеушілерге сәттілік, ал жұмыс беруші компанияларға сенімді қызметкер табуларына тілектеспін",-деді Алмалы ауданының әкімі Марат Пірінбеков.

Бүгін жәрмеңкеге қатысушылар мен қонақтарға арнап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның оркестрі өнер көрсетуде.

Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының статистикалық мәліметінше, ағымдағы жылы бірінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді тұрғындар санынан 5,7 пайызға бағаланған. Еңбек нарығында тіркелген жұмыссыз жүргендердің саны - 3 600 адамды құрайды.

Соңғы жаңалықтар