Алматыда BRT желісімен 18 метрлік автобустар жүретін болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде қаланың көлік инфрақұрылымын реконструкциялау қарқынын тексеріп, №128 бағыт бойынша қызмет көрсететін жаңа автобустарды тамашалады, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

BRT автобус желісінде 17 бағыт бойынша 300-ден астам көлік жүретін болады. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша жыл аяғына дейін 18 метрлі автобустар жүретін қосымша бағыт ашу жоспарланған.

«Жүргізілген сараптама бойынша, BRT желісін іске қосудың арқасында жолаушылар ағыны бір күнде 100-ден 142 мың адамға, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40 пайызға артатынын көрсетті. «Атакенттен» Қазақ Ұлттық Университетіне автобус 2,5 минутта жетеді екен, ал бұрын 10 минутқа созылатын», - деді басқарма өкілдері.

Тимирязев көшесінің кейбір қиылыстарындағы бағдаршам объектілерінде жаяу жүргіншілер үшін жеке фазалар қарастырылады. Жол апатының алдын алу үшін ІІД бірге видеофиксацияның автоматты желісі орнатылатын 10 тораптық нүкте белгіленді.

Қазір BRT желісі бойынша 28 тұғырнама, 68 бекетті павильон жасақталып жатыр.

Тротуарлар мен веложолдар абаттандырылуда, жасыл желек отырғызылуда. Айдың соңына дейін Мұстафин және Сүлейменов көшелеріне жарық беретін 115 торшерді монтаждау аяқталады.

Жұмыс сапары барысында мегаполис басшысы жеке автопарк алған Yutong маркалы жаңа автобустарды көрді.

Ескі жылжымалы құрамға тұрғындар тарапынан көп шағым түсетін. Оны ретке келтіру үшін №128 бағыт бойынша енді төмен еденді 12 метрлі 17 көлік жолаушыларды тасымалдайды. Бұлардан өзге, қарашада №72 бағыттағы автобустар толық жаңарады.

Жалпы, жыл аяғына дейін жаңа қоғамдық көліктің үлесін 80%-ке дейін жеткізу жоспарланған.

Соңғы жаңалықтар
telegram