Алматыда бүгін Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы өнер шеберлерінің шығармашылық кеші өтеді
АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының үлкен залында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан филармониясы өнер шеберлерінің шығармашылық кеші өтеді.
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ән өнерінің дүлдүлі, елімізге белгілі айтыскер ақын, жыршы-термеші, Мұхит ән мектебінің көрнекті өкілі Қатимолла Бердіғалиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, Әміре Қашаубаев пен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы республикалық әншілер байқауының лауреаты Серік Әбдірахманов, ұмыт қалған жыраулық өнерді дамыьтып жүрген Сағадат Рахметжанов, Әміре Қашаубаев атындағы конкурстың лауреаты Дастан Есентеміров, «Жас қанаттың» күміс жүлдегері Жаңылсын Хасанова, республикалық конкурстардың лауреаты Ернар Өмірәлі, Македония астанасы Скопьеде өткен «Еурофест» байқауының бас жүлдегері, «Азия дауысы», «Мальта әндері», «Алтын шлягер» байқауларының жеңімпазы Марат Сарбөпеев және басқалар қатысады.
Филармония 1966 жылы құрылған болатын, 1996 жылы оған Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі берілді. Оның құрамында Дәулеткерей атындағы ұлттық аспаптар оркестрі, «Орал сазы» фольклорлық ансамблі, «Назерке» би ұжымы мен шығармашылық топтар, танымал әнші-күйшілер қызмет етеді.
Аө Жайық өнерпаздарыныің шығармашылық кеші сағат 15-те және 18-де басталады.