Алматыда Бүкіләлемдік ақпараттық қоғам күніне орай халықаралық конференция өтті
АЛМАТЫ. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қазақстан соңғы жылдары ақпараттық салада үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
Бұл туралы бүгін Алматыда Бүкіләлемдік ақпараттық қоғам күніне орай өткізілген конференция барысында Халықаралық ақпараттандыру академиясының бас директоры Алексей Цеховой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ақпараттандыру саласында біздің еліміз 81-ші орыннан 47-ші орынға көтерілді. Ең бастысы, бізде «Электрондық үкімет» порталы жұмыс істейді. Сонымен қатар бұл порталды дамыту бағытында архитектура бойынша ұлттық кеңес құрылды. Бұл дегеніміз, қоғамның барлық саласы ақпараттық кеңістікте көрініс тауып келеді деген сөз. Бұнымен қатар, ең бастысы интернет бағасы төмендеп келеді. Бүгінде интернет арқылы көптеген қызметтерді жүзеге асыруға болады», деді А.Цеховой.
Қазақстанның интернет қауымдастығының атқарушы директоры Александр Ляховтың айтуынша, қазіргі кезде қоғамның кез-келген саласын ақпараттық технологияларсыз елестету мүмкін емес. «Бұл сұранысқа орай ақпараттық технологиялар саласы да өз деңгейінде дамып келеді», дейді А.Ляхов.