Алматыда бүлдіршіндер арасында дәстүрлі веложарыс өтуде
АЛМАТЫ. 23 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыдағы Орталық стадионның қосалқы алаңында бүлдіршіндер арасында 4-ші веложарыс өтуде.
Оны «Экстремальды атлетика» қоғамдық бірлестігінің демеушілігімен «Вело-Алматы» бастамашылар тобы ұйымдастырып отыр.
Бұл шара алғаш рет 2010 жылы 10 қарашада Ганди атындағы қалалық скверде «Бүкіләлемдік әрекеттер күні» халықаралық акциясы аясында өткен болатын. 2011 жылы 5 маусымда Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні аясында онда екінші рет ұйымдастырылды. Одан кейін «Планета қозғалыста» халықаралық акциясы кезінде, 24 қыркүйекте Орталық стадионның қосалқы алаңында өз жалғасын тапты. Енді 4-рет өтетін бұл шара кезінде балалардың «Велосипед және экология» деген тақырыптағы сурет көрмесі жасалып, түрлі байқаулар өткізілуде. Ұйымдастырушылар оны отбасылық мерекеге айналдыру арқылы балаларды салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа деген қызығушылығын арттыруды алдына басты мақсат етіп қойып отыр