Алматыда бұрынғы білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовты еске алуға арналған «Химиялық білім беру саласының қазіргі заманғы мәселелері» атты ғылыми конференция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің химия факультетінде  көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, егеменді Қазақстанның тұңғыш білім министрі   Шайсұлтан Шаяхметовты еске алуға арналған  «Химиялық білім беру саласының қазіргі заманғы мәселелері» атты ғылыми конференция өтіп жатыр,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Конференция жұмысына ҚазҰУ-нің Жану проблемалары институты, Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ және Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰПУ-дың физикалық-химиялық әдістерін зерттеу орталықтарының қызметкерлері, сондай-ақ химия саласының  мамандары мен ғалымдары қатысуда.  Ғылыми конференцияда химик-мамандар дайындаудың әдістемелік аспектілері мен университетте ғылыми зертеулердің ұйымдастырылуы жөнінде мәселелер талқылануда.

«Шайсұлтан Шаяхметұлының білім беру министрлігіндегі қызметі еліміздің тарихында үлкен әлеуметтік өзгерістерге толы жылдарға келді. Мемлекетіміздің ұйымдасуы мен қалыптасуының сол кезеңінде маман дайындау мәселесі аса маңызды болған. Білім беру саласының болашағын болжай алатын ұлы қайраткер, бұл үрдістің демократиялық және инновациялық жолмен даму қажеттігін негіздей білді. Ол халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын, мемлекеттік тіл үйрету орталығын ашып, бұл ұйымдардың жұмысының өркендеуіндегі білім беру жүйесінің бар буынындағы оқыту және тәрбиелеу ісінің сабақтастығына ерекше мән берген адам. Қазіргі ұлттық білім беру саясатының негізгі ұстанымдары - жоғары мектепті құқықтық қамтамасыздандыру, дипломдардың конвертациясы, әлемдік білім беру жүйесіне кіру, кезінде оның салып кеткен сара жолы. Ол - адами қасиеті ерекше мол, ақылды, парасатты, білімі кең, ұлы, дара тұлға еді», деп еске алды ісін жалғастырушы шәкірті, ҚР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты,  педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсаинов.

 ҚазҰУ-ның катализ, коллоидтық химия және мұнай химиясы кафедрасының профессоры Әзімбек Қоқанбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта химия факультетінде 7 кафедра, 7 ғылыми лабаратория, сонымен қатар бірнеше ғылыми орталықтар жұмыс істейді. Егемендігімізді алғалы бері көптеген қазақ тілінде жазылған оқу әдістемелік құралдар жазылған, ЖОО-да қазақ тілінде оқыту 75 пайызға өскен.

Қысқаша биография: Ш.Ш. Шаяхметов Қазақстан Республикасының Инженерлік Академиясының корреспондент-мүшесі, Мәскеу халықаралық творчество Академиясының мүшесі, Американың «Гранд Каньон» университетінің құрметті профессоры, самбодан Кеңестер Одағының спорт шебері. Ол аспиранттан үлкен ғалымға дейін, инспектордан білім министріне дейін, қарапайым сайлаушыдан ҚР жоғары Кеңесінің депутатына дейін өскен тұлға. Ш. Шаяхметов өзінің ғылыми-педагогикалық қызметін Қазақ мемлекеттік университетінде бастаған. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің химия факультетін бітіргеннен кейін ҚазМУ-дің  жоғары молекулалық қосылыстар кафедрасында ғылыми және педагогикалық қызметтерімен айналысқан. Шет ел оқу орындарымен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтасудың экономикалық тиімді өлшемдерін дамытуды осы бағыттың негізгі жолы ретінде қалыптастырды.  Химия терминдерінен бірнеше қазақша-орысша сөздіктерін шығарған.

Соңғы жаңалықтар