Алматыда бұрынғы трамвай депосының орнына қоғамдық кеңістік жасау бойынша байқау жарияланды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бұрынғы трамвай депосының орнына қоғамдық кеңістік тұжырымдамасын жасау бойынша байқау жарияланды.

Ұйымдастырушы - «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ. Бұл байқау «Алматы қаласын дамыту-2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынды.        

«Мұндай архитектуралық байқау Қазақстанда тұңғыш рет жарияланды. Оның бірегейлігі сол, бұған қатысуға сәулетшілермен қатар, дизайнерлер, жарнамалық әгенттіктер, шығармашылық шеберханалар, қоғамдық ұйымдар, волонтерлар, сабақтас мамандық иелері, сондай-ақ, шығармашылық бағыттағы жоғары оқу орындарының студенттері шақырылады. Байқауға бір автор болып та, топ болып та қатысуға болады», -делінген Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен.      

Байқауды өткізудегі басты мақсат - бұрынғы трамвай депосының аумағын абаттандыру, көркейту бойынша үздік тұжырымдамалық идеялар мен эскиздік жобаларды анықтау. 

Бұл жерде урбанистика қағидалары - аумақтың қала тұрғындарына қол жетімділігі, жобаның қоршаған ортаның сәулет-ландшафтық келбетіне сәйкестілігі сақталуы тиіс.   

Сондай-ақ, жобада экологиялық материалдар, қарапайым және үнемді конструкторлық шешімдер қолданылуы керек. 

Бұған дейін трамвай депосы маңында тұратын тұрғындар арасында арнайы сауалнама жүргізілді. Соның нәтижесі бойынша, тұрғындардың басым көпшілігінің бұл аумақтың қоғамдық кеңістікке айналғанын қалайтындығы белгілі болды. Яғни, бұл аумақ бос уақытты, әр түрлі мәдени шараларды, кездесулерді өткізуге болатын қоғамдық орынға айналуы тиіс.

Көлік инфрақұрылымдарын қайта жаңартуға арналған мұндай жобалар Нью-Йоркте («Хай-Лайн» саябағы), Парижде (Сена өзенінің сол жақ жағалауы) және басқа да қалаларда жүзеге асырылған.  

Мұндай көп мақсатты саябақ Желтоқсан-Мақатаев-Мұқанов-Жамбыл көшелері аумағында жалғыз қоғамдық кеңістікке айналуы мүмкін. Өйткені, бұл аумаққа ең жақын гүл бағы 2 шақырым жерде орналасқан. Оның үстіне, депо аумағындағы ескі ғимараттарды сүріп тастауға деген қажеттілік азаяды.

Байқау шарты бойынша қатысушылар қоғамдық кеңістіктің эскиздік жобасын, жобаның сипаттамасы мен тұжырымдамасын және жобаның негіздемесін тапсырулары керек.

Бүгіннен бастап, almatydc.kz және [email protected] электронды поштасы бойынша өтінімдер қабылдана бастады. Алдағы 2-11 қыркүйек аралығында онлайн дауыс беріледі және Сараптаушы комиссия жіберілген жұмыстарды бағалайды. Байқау қорытындысы 18 қыркүйекте шығарылады.

Комиссия құрамына халықаралық сәулетшілер мен урбанистер енді. Олардың қатарында GehlArchitects директоры Рикардо Марини және Дельфий техникалық университетінің профессоры Хьюго Примус және басқалар бар.

Егер қатысушыға электронды пошта арқылы хабарлама жіберілсе, онда оның жіберген өтінімі қабылданған болып саналады. Барлық байқаулық өтінімдер дауыс беру үшін сайтқа жарияланады. Байқау ережелері сайтта жарияланған. 

Соңғы жаңалықтар