Алматыда Чернобыльдегі ядролық апаттың 25 жылдығына арналған көрме ашылды

АТЫ. 26 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Чернобыль атом электр стансасындағы ядролық апатқа 25 жыл толуына орай, «Чернобыль трагедиясына - 25 жыл» атты көрменің ашылу рәсімі болды.
None
None

Көрменің ашылу салтанаты радиация апаттарының құрбандарын еске алу үнсіздігімен басталды. Шараға Чернобыльде болған апатты залалсыздандыруға қатысқан жауынгерлер, сонымен қатар, Украина, Ресей және Жапонияның Бас консулдары қатысты. Консулдар жер шарының жартысына төнген қауіпті, әлемдік көлемдегі ең үлкен апатты залалсыздандыруға қатысқан жауынгерлерге алғыстарын білдіріп, олардың әрқайсысы батыр атағына лайық деп атап өтті.

«Бүгін әр елде бұл ядролық апаттан зардап шеккен жандарды еске алуға арналған шаралар өтіп жатыр. Үлкен апаттың алды алынғанымен, қаншама жылдан бері одан келген зардаптар азаймады. Чернобыльда болған ядролық апаттың зардабын 1986 жылы Украина, Белоруссия, Ресей мемлекеттерімен қатар, Швеция, Норвегия, Польша, Ұлыбритания және Еуропаның көптеген басқа елдері, сондай-ақ Азияның бірқатар елдері көрген болатын. Апатты залалсыздандыруға 31 743 қазақстандық жауынгерлер қатысты. Алматы қаласынан 5 118 адам аттанған болатын»,- деп атап өтті Қазақстандағы Ресейдің Бас консулы Борис Мещанинов.

 Катамото Масахиро Алматыдағы Жапония Елшілігінің басшысы Катамото Масахиро: «Чернобыль ядролық апаты мен Жапониядағы болған апат халықаралық қоғамдастыққа АЭС қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек екендігін көрсетті», - деп атап өтті. Ол шара барысында жапон елінің басына төнген қиын- қыстау кезеңде қолдау көрсеткені үшін Қазақстан еліне алғысын айтты.

Людмила Протасова «Чернобыль ядролық апатынан Украина, Ресей, Беларустың 200 мың шақырымнан астам жері радиациямен зақымданды. 5 милиион адам оның зардабын көрді. Апатты залаласыздандыруға бұрынғы Кеңестер Одағының 6 мыңнан аса азаматтары қатысты. Украина елінде 2218 елді- мекен жоғары радиациямен ластанды, онда бүгінде 2 миллион 400 мың адам тұрады. Чернобыль мәселесі уақыт өте медициналық, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге айналды. Жыл сайын Украина өз бюджетінен апаттан зардап шеккен адамдардың денсаулығын жақсартуға және ластанған аумақтарды тазартуға миллион доллар бөледі. Чернобыль апаты әлемнің барлық елдерінде қайғылы қасірет ретінде есте қалды, ядролық қуат бақылаусыз қалса, адамзат тіршілігене қауіп төндіретіндігін көрсетті. Жақында Украинада өткен конференцияда АЭС толығымен қауіпсіз болуы керек және әр ел жаһандық қауіпсіздік жауапкершіліктерін мойындарына алулары тиіс, сонымен қатар, әлемдегі барлық АЭС тексеру жүргізілсін деген ұсыныстар айтылып, декларация қабылданды. Ондағы мақсат - жаһандық техногендік апаттардың алдын алу болып табылады»,-деді Алматыдағы Украинаның Бас консулы Людмила Протасова.

«Жуырда Жапонияның Фукусима атом стансасындағы жарылысқа байланысты 25 жыл бұрын болған қайғылы оқиға бүгін де өзекті болып отыр. Бүгінгі шара Чернобыль ядролық апаты құрбандарын еске алу күніне арналған», -деді ҚР ОММ директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаев. Оның айтуынша, көрменің мақсаты - қазақстандық залалсыздандырушы жауынгерлердің қаhармандығы мен олардың әскери парызы мен патриоттық міндетін абыроймен өтегендігін дәріптеу болып табылады.

Көрмеге адамзат тарихындағы Хиросима және Нагасаки жарылысынан он есе күшті болған ең үлкен жарылыс - Чернобыль ядролық апатынан сыр шертетін суреттер қойылған. Фотоматериалдардың көпшілігі Алматы қаласындағы Украина Консулдығынан алынған.

Шара барысында «Чорний біль» деректі фильмі көрсетілді. Көрменің ашылу салтанаты концерттік бағдарламамен аяқталды.

Соңғы жаңалықтар