Алматыда цирк және эстрада әртісі Мұрат Мұтырғановтың «Аренада 20 жыл» атты бенефис кеші өтеді
; АЛМАТЫ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік циркінде сәуір айының 24-і мен мамыр айының 9-ы аралығында Республикаға еңбегі сіңген өнер қайраткері, цирк және эстрада әртісі Мұрат Мұтырғановтың «Аренада 20 жыл» атты бенефис кеші өтеді.
Бұл туралы бүгін аталмыш шараға орай өткізілген арнайы баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Цирк - бұл ғажайып әлем. Мен алты жасымда еңбек кітапшамды алып, қызмет жолымды әкеммен бірге соло-клоуннан бастадым. Әкем кішкентай кезінен әртіс болсам деп армандайды екен, менің де балам циркте болмаса да, өнер және мәдениет саласында жұмыс істесе деп армандаймын», деді мерейтой иесі Мұрат Мұтырғанов.
Бенефис бағдарламасында «Мутурганчики-шоу» ұжымы, Мәскеу, Киев және Минск Мемлекеттік цирк әртістері, «Таңсәрі» ұжымы, «Ну, погоди», «Ling Bro» би тобы, қазақстан эстрада жұлдыздары - Айгүл Иманбаева және «Перцы», «Арнау», «Пионерки» топтары қатысып, өнер көрсетеді. Конферансье рөлін осыдан 20 жыл бұрын алты жасар Мұрат Мұтырғановты аренаға жетектеп шыққан әнші Ерлан Көкеев атқарады.
Мұрат Мұтырғанов 1990 жылы Веронеде өткен цирк өнерінің балалар фестивалінде әлемнің ең жас клоуны атанған болатын. Оның аты «ДИВО» рекордтар кітабына енгізілген. АҚШ - та клоуындық даңқ мұражайында «MURATIK» деген атпен плита ашылды, оның нөмірі 411.