Алматыда Д.Қонаевтың 100 жылдығына арналған мерейтойлық шара қайраткердің ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды
АЛМАТЫ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 100 туғанына жыл толуына арналған мерейтойлық шаралар өтуде.
Қала тұрғындары мен қонақтары оны Д.Ахметұлының 1978 жылы орнатылған ескерткіш бюстіне гүл шоғын қойып, 1 минут үнсіздік жариялаумен бастады. Үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың бұл қола мүсін мүсінші Т. Досмағамбетовтың үлгісі бойынша жасалған еді. Биіктігі 4,59 метр болатын бұл мүсін тегістелген гранит тұғырға қойылған. Ағымдағы жылы оған мерейтойға орай жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.
Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы Д. Ахметұлы 1912 жылы 12 қаңтарда өмірге келіп, 82 жасқа қараған шағында, 1993 жылы тамыздың 22-де өмірден озған еді. Мәскеу Түсті металл алтын институтын бітірген соң еңбек жолын Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигінде бастады. Онда бұрғылау станогының машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болады. Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау күндерінде ол тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарады. Ал 1942-52 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып жұмыс жасап, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті болып сайланды. Одан кейін 1955-60, 1962-64 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1960-62 және 1964-86 жылдары Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды.