13:34, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда «Дағдарыс және оны жеңу жолдары» деп аталатын конференция өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының ұйымдастыруымен «Дағдарыс және оны жеңудің жолдары» деп аталатын конференция өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Серік Тұржановтың пайымдауынша, үкіметтің дағдарысты еңсеру жөніндегі бағдарламасында экономиканың барлық саласы толық қамтылмай отыр. Сол себепті олар дағдарыстың салдарын жеңілдету мақсатында сарапшы мамандардың басын қосты. Мақсат ? ел экономикасының әртүрлі салаларында қалыптасқан ахуалды жан-жақты талқылау. Сондай-ақ алқалы жиынның соңында дағдарысты еңсеру үшін арнайы ұйғарым қабылдап, Үкімет назарына ұсыну.
Биыл желтоқсанда құрылғанына 50 жыл толғалы отырған ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасы республикада қызметі арнайы заңмен реттелетін бірден-бір үкіметтік емес ұйым саналады. Қазіргі таңда ол әлемнің 72 елінің сауда палаталарымен ақпарат алмасу саласында ынтымақтастық орнатқан.