Алматыда даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына ескерткіш ашылды

АЛМАТЫ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда 28 панфиловшылар атындағы саябақта Ұлы Отан соғысына қатысушы, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына ескерткіш ашылды.

Алматыда даңқты қолбасшы  Бауыржан Момышұлына ескерткіш ашылды

Ескерткіштің ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов, батырдың ұлы Бақытжан Момышұлы, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері және батырдың туғандары мен туыстары қатысты.

Монументтің жалпы биіктігі 6 метр. Ескерткіш қоладан құйылған, ал тұғыры граниттен қашалған. Монумент авторлары - қазақтың танымал сәулетшілері Нұрлан Далбай мен Расул Сатыбалдиев.

Салтанатты шараға қатысушылар: «Момышұлы тарихты қанымен де, қаламмен де жазған. Бауыржан Момышұлы халқын жаудан қорғады, халық батыр ұлын қаһарман ретінде таныды, ол ұлттық батырға айналды. Момышұлының құжаттарында оның барынша талапшыл, жігерлі, батыл екендігі, білікті командир мен мықты ұйымдастырушы болғандығы анық жазылған»,- деп атап өтті.

Батырдың ұлы Бақытжан Момышұлы әкесінің өзін бала кезден бастап Отанды сүюге, халқын қастерлеуге тәрбиелегендігін тебірене айтты.

Алматы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов: «бұл ескерткіш тек Бауыржан Момышұлына ғана емес, жалпы Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық боздақтарға қойылған ескерткіш»,- деді.

28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы - көпшілік жиі келетін сүйікті орындардың бірі. Батырға орнатылған ескерткіш жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеуге ықпал етері сөзсіз.