Алматыда дәрі-дәрмек нарығының жай-күйіне арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 3 маусым. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда дәрі нарығының жай-күйіне арналған «Фармацевтикалық тәжірибе: ғылым мен білім, өндірістің ықпалдастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.

Алматыда дәрі-дәрмек нарығының жай-күйіне арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

Шара Алматы қаласының ауруханааралық бірінші дәріхананың 30 жылдығы мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ фармацевтика факультетінің 60 жылдығына арналған. «Биыл ҚазҰМУ-дың фармацевтика факультетіне 60 жыл толды. Бүгінгі конференция барысында осы өткен уақытты саралап, дәрі саласының қазіргі жай-күйі мен болашағына көз жүгіртуді мақсат тұттық»,- дейді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ фармацевтика факультетінің деканы Убайдулла Датхаев. Конференцияға Украина, Өзбекстан, Қазақстаннан 30-ға тарта фармацевт ғалымдар қатысуда.

Конференция аясында фармацевтика факультетінің түлектері үшін бос орындар жәрмеңкесі, фармацевтика ардагерлеріне құрмет шарасы, ТМД мен Қазақстанның жетекші мамандарының лекциялары өтіп жатыр.