Алматыда дәрігерлер комаға түскен жүкті әйелді аман алып қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматылық дәрігерлер жол апатынан кейін комаға түскен 35 жастағы жүкті әйелді аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Алматыдағы № 1 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 35 жастағы алматылық келіншек 2022 жылдың бірінші желтоқсанында 19 апталық жүктілік мерзімі кезінде басқа емдеу мекемесінен ауыстырылды.

«№ 1 қалалық клиникалық ауруханасына ауыстырылды және оның жағдайы бассүйек-ми жарақаты мен орталық жүйке жүйесінің зақымдалуына байланысты өте ауыр деп бағаланды. Тыныс алу функцияларының бұзылуы, бауыр жеткіліксіздігімен және зәр шығару жүйесінің зақымдалуымен бірге құтқару мүмкіндігі аз болды», - дейді дәрігерлер.

Аталған медициналық мекемеде үш ай бойы ем алған пациент әртүрлі бейіндегі мамандардың көпсалалы тобының мұқият бақылауында болды.

№ 1 ауруханада жұмыс істейтін Қазақстан-Корея оңалту медицинасы орталығының базасында Оңтүстік Кореяның Чхильгок ауруханасының Кенбуга университетінің оңалту саласындағы мамандары мен профессорлар құрамымен телемедицина сессиялары өткізілген.

Оның барысында қалпына келтіру іс-шараларының тәсілі және осы пациент үшін оңалту перспективалары талқыланды.

«Дәрігерлердің күш-жігерінің арқасында оңалтудың айтарлықтай нәтижелеріне қол жеткізілді: көптеген органдардың жеткіліксіздігінің барлық белгілері тоқтатылды, пациент өздігінен тыныс алады, тамақтанады, сөйлейтін болды, аяқ-қол және қозғалыс функцияларын қалпына келді. Жағдайдың күрделілігін, пациенттің жағдайын ескере отырып, № 1 МКБ емдеу шығындарының көп бөлігін өз мойнына алды»,- деп атап өтті емдеу мекемесінің баспасөз қызметі.

Науқастың анасы аурухана мамандарына алғысын айтты.

«Ұзақ емдеуден кейін қызым жақсарып, айналасындағыларға жауап бере бастағанда, қатты қуандым. Әуелі Құдайға, сосын № 1 аурухананың барлық медициналық қызметкерлеріне, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына алғысымды айтамын. Осындай өз ісін білетін мамандардың арқасында ол екінші рет өмірге келді. Ал оның дүниеге енді келетін сәбиі өмір сүруге мүмкіндік алды», - деп ағынан жарылды науқастың анасы.


Соңғы жаңалықтар