Алматыда дәрігерлер менингококк жұқпасы туралы үй-үйді аралап түсіндіруде

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда менингококк жұқпасымен ауруханалар күресіп жатса, емхана қызметкерлері ақпараттық жұмыспен белсенді айналысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда дәрігерлер менингококк жұқпасы туралы үй-үйді аралап түсіндіруде

Емхана дәрігерлері ХҚКО, базарлар, мешіттер, әскери бөлімдер, білім беру ошақтарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бүгінде №11 емхананың дәрігерлері мен медициналық қызметкерлері адам көп шоғырланған жерлерді аралап жүр.

«Мамандар негізінен аурудың алғашқы белгілері, сақтану жолдары туралы түсіндіріп жатыр. Біз сәуір айынан бері 8 балабақшада, 6 мектепте, 2 мешітте, барлығы 36 ұйымда болдық. Бұл жұмыстарға барлығы 28 дәрігер жұмылдырылған. Одан бөлек медбикелер, психологтар, әлеуметтік мамандар барады. Арнайы жаднамаларда барлық қызметтің телефондары, менің жеке нөмірім де ілініп тұр», - деді №11 емхана бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Амурказинова Айнаш.

Сондай-ақ, оның айтуынша, емхананың 2 дәрігері аптасына 1 рет жұқпалы ауруханалар ауруханасында 12 сағат кезекшілік етеді.

Айта кету керек, Жетісу аудандық медициналық ұжымға 2 емхана, 3 медициналық ұйым кіреді. Аталған ұжым бойынша эпидемиологтар белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

«Біздің мамандар 4 мешітті, 10 мектепті, 14 балабақшаны, 3 жатақхананы аралады. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде 367 жазба жарияланды. Менингококк жұқпасынан сақтану туралы профилактикалық видео аудандағы 40 мониторда күні бойы көрсетіліп тұрады. Аулаларды аралап 501 жаднама таратылды», - деді эпидемиолог-дәрігер Оспанова Райхан.

Айта кету керек, республика бойынша қазіргі таңда менингококк жұқпасына 59 адамның шалдыққаны анықталды.

Елімізде биыл жыл басынан бері 13 адам қайтыс болды.

Фото: Руслана Канабекова