Алматыда дәрігерлерді ыстық тамақпен қамтитын бірегей жоба жүзеге асырылуда
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерді ыстық тамақпен қамтуға арналған бірегей краундфандинг жоба жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бірегей шараны Болашақ стартап жобасына қатысушылар ойластырған.
Жоба үйлестірушісі Диас Тастанбеков өзін өзі қаржыландыратын жобаны маусым айының басында қолға алған. Жоба кез-келген қазақстандық дәрігердің ыстық тамақ ішуіне мүмкіндік береді.
Ол үшін ол 2500 теңгеге 5 маска, 2 антисептик, маска фиксаторы, 3 қолғап, дымқыл салфетка сатып алады. Саудадан түскен қаражат дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне ыстық тамақ жасауға жұмсалады.
«Мен мамандығым химик. Жобаны екі команда бірігіп қолға алып жатырмыз. Мен Назарбаев университетінде кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүргенде танысқан досым Алмас, Болашақ стартап жобасында бірге қатысқан Жеңіс деген танысым, Мәншүк әріптесім арнайы жинақпен айналысамыз. Ал досымыз Рахман ыстық тамақ пісіруді қолға алған», -деді Диас Тастанбеков.
Краундфандинг жүйесі Қазақстанға енді ғана еніп келеді. Ал батыста бұл жүйе жақсы дамыған.

«Негізгі идеясы сіз бір үлкен идеяны қолдау ретінде ақша бересіз. Алғыс ретінде орнына бір зат аласыз. Бұл -қайырымдылық емес. Медицина мамандарын қолдаған кезде ақшаңыз босқа кетпейді. Біздің мақсат - табыс табу емес. Бұл жерде артылатын аз-маз қаражат тек өз шығынымызды жабады», -деді Д.Тастанбеков.
Қазір бұл жоба тек Алматы қаласында жүзеге асып жатыр. Жоба авторлары бір күнде 300 маманды 2 ай бойы үздіксіз ыстық тамақпен қамтымақ.
Кешелі бері бір күнде 18 жинақ сатылған. Бұл қаражатқа 36 медицина қызметкеріне тамақ әперуге болады.
Бірінші ол кезекте коронавируспен күресте жүрген провизорлық орталықтар мен инфекциялық стационарлардың қызметкерлеріне беріледі.
Бір айта кетерлігі, жинақ ішіне кіретін заттар Қазақстанда өндірілген. Масканың дұрыс тұруын қамтамасыз ететін фиксаторды жоба авторлары өздері 3D баспамен басып шығарады.

