Алматыда дарынды балалардың «Жас қалам» поэзиялық шығармашылық студиясы өтуде
АЛМАТЫ. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Алматыдағы «Бөбек» ұлттық ғылыми, тәжірибелік, білім беру және сауықтыру орталғында дарынды балалардың «Жас қалам» поэзиялық шығармашылық студиясы өтіп жатыр.
Оған Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі тұрмысы төмен отбасынан шыққан 10-15 жастағы ақындық шығармашылық қабілетті, дарынды балалар мен жасөспірімдер қатысуда.
16 сәуірде басталған бұл шара ертең аяқталады. Ол жас таланттарды әлеуметтік қолдау үшін ұйымдастырылуда. Мақсат - олардың азаматтық, адамгершілік құндылық тұрғысынан өзінің дара адами тұлғасын сезіне отырып, өзін-өзі дамытуына, өзін-өзі жетілдіруіне жағдай туғызу. Сондай-ақ әдеби шығармашылыққа белсенді қатыстыра отырып, тұлғаның үйлесімді қалыптасуына ықпал ету және балалардың шығармашылығын дамыту мәселелеріне жалпы жұртшылықтың назарын аудару мақсатын көздеп отыр.