Алматыда дәстүрлі "Сағындырған әндер-ай" кеші өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Жылына екі рет өткіземіз деп көрермендерге уәде бергенбіз. Бұл концерт қазір көрермен көңілінен шыққан жұлдызды кешке айналды десем артық емес. Қазір бүгін айтып ертең ұмтылатын, сөзі арзанқол жазылған немесе әуені көңілге қонбайтын әндер көбейіп кетті. Біз жастар олардың орнына ретро әндерді көбірек айтса және сөзін, әуенін бұзбай дұрыс айтса деген мақсатпен Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Хасанғалиев, Мақпал Жүнісова, Роза Рымбаева сияқты аға буын өкілдерімен бірігіп айтқызамыз. Бұл кешке 80-нен астам әнші қатысып, 40-тай әнді орындады", дейді Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, "Майра" продюсерлік орталығының жетекшісі, әнші Майра Ілиясова. Азамат Сатыбалды мен Айнұр Бөлебай және Айгүл Иманбаева мен Жұлдызбек Жұмабай жүргізген бұл кештің сценарийін жазған Жанар Шәмел. Алматы қаласы әкімдігі мен "Қазақстан" телерадиокорпорациясының қолдауымен өткен "Сағындырған әндер-ай" бұған дейін Алматыда 2 рет, ал Астанада бір рет өткен болатын. Онда қалыптасқан дәстүр бойынша бұл жолы "Жаңа есім" айдары бойынша Қарағанды, Павлодар, Атырау, Орал және Қызылорда қалаларынан келген бірнеше жас әншінің үлкен сахнадағы тұсауы кесілді. Мәселен, Қанат Мәулен Нұржан Қалжанмен бірігіп "Дайдидау", ал Медетхан Қарамырза, Саят Әбдіғали, Еркін Өтегенов пен Нұрсаят Дәулетхановтар "Өзің сәулем іздегенім" әнін орындап, көрермен ілтипатына бөленді.