Алматыда дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесінде білім сапасын арттыру мәселелері қаралуда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында дәстүрлі қалалық орта білім беру қызметекерлерінің «Білімді ел - Мәңгілік ел» тақырыбында тамыз педагогикалық кеңесі басталды.

Алматыда дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесінде білім сапасын арттыру мәселелері қаралуда

Оның жұмысына ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, сондай-ақ,  қалалық мәслихаттың депутаттары, ҚР БҒМ өкілдері, ардагер педагогтар, жалпы білім беру мекемелерінің басшылары мен педагогтары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда.

Өзінің баяндамасында Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева қалада білім сапасын жетілдіру үшін барлық қажетті шаралардың жасалып жатқандығын атап өтті. Қалада жаңа заманауи мектептер салынып, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.

«Алматы қаласында дамыған жалпы білім беретін жүйе жүзеге асырылады. 244 орта білім беру мектебі жұмыс істейді. Оларда 210 мыңнан астам оқушы білім алады. Соңғы жылдары мектептерде оқушылардың саны күрт өсуде. Тек өткен жылдың өзінде өсім - 10 мың адамнан асты. Бұл жерде қазақ тілді мектептерде білім алатын оқушылардың санының артып жатқандығын атап өткен жөн. Егер, 2015 жылы мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың саны - 90 мың адамды құраса, 2016 жылы олардың саны - 96 мың адамға жетті. Биыл қазақ тілінде білім беретін жаңа физика-математика мектебі пайдалануға беріледі. Онда  жаңартылған білім беру бағдарламасы, сондай-ақ, халықаралық инновациялық технологиялар енгізілетін болады», - деді Р. Шимашева. 

Кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындысы шығарылып, білім беру мекемелерінің алдағы 2016-2017 оқу жылына даярлығы, білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды.