Алматыда «дельта» штамының таралуы денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін екі есе арттырды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының жұқпалы аурулар ауруханаларында 6 мыңнан астам науқас жатыр, оның ішінде 169 бала бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихаты барысында қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өткен тәулікте Алматыда 1590 адамнан коронавирус анықталды. Оның 1515-сі симптомды. 6,021 науқас ауруханада жатыр. 476 адам реанимацияда емделуде, ал 35 адам ӨЖЖ аппаратына, 188 инвазивті ӨЖЖ аппаратына, 223 науқас High Flow аппаратына қосылған.
Қаладағы ковидтік стационарларда төсек-орын тапшылығы жоқ. Бүгінгі күнге дейін барлығы 8 910 төсек-орын дайындалды.
Светлана Сұлтанғазиева Алматының дәрігерлері екі есе жүктемемен жұмыс істейтінін атап өтті.
«Жедел жәрдем көлігінің жүктемесі шарықтап тұр, тәулігіне 1600-ге жуық жағдай тіркеліп, ауруханаға жатқызу саны 700-750 деңгейде, өсім жоғары. Тәулігіне 3000-3500 дейін қоңырау соғылады», - деді дәрігер.
Ол 12 868 науқас телемедицина орталығының мобильді топтарының бақылауында екенін айтты.
«Бүгінде жүздеген дәрігер коронавируспен күресуде, олардың кейбіреулері Алматыдағы вакцинациялау орталықтарында жұмыс істейді. 1000-нан астам дәрігер азаматтарға екпе жасайды. «Дельта» штамының таралуы денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесін екі есе арттырды»,- дейді спикер.
Светлана Сұлтанғазиева алматылықтарды күзгі-қысқы маусымдық вирустар кезеңі жақындағандықтан жақын арада вакциналануға шақырды.
«Енді ЖРВИ және тұмау сияқты маусымдық аурулар басталады. Сондықтан коронавирусқа қарсы вакциналану қажет», - деді денсаулық сақтау басқармасының өкілі.