Алматыда «Денсаулық фестивалі» өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыдағы "Динамо" стадионында «Физикалық белсенділік және спорт - ұлт денсаулығының кепілі» деген ұранмен "Денсаулық фестивалі" өтіп жатыр.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан спорттық шараға танымал спортшылар, ЖОО-ның, орта арнайы оқу мекемелерінің студенттері, мектеп оқушылары, ата-аналар, аға буын өкілдері және мектепке дейінгі балалар қатысуда.
Бүгін күні бойы стадионда спорттық жарыстар, мәдени-ойын-сауық шаралары, байқаулар мен викториналар, отбасыларға арналған көңілді старттар және тағы да басқа түрлі спорттық шаралар өтетін болады. Сонымен қатар, бүгін мұнда арнайы мамандар салауатты өмір салтынның түрлі аспектілері бойынша, атап айтқанда, дене тәрбиесі және спорт, тиімді тамақтану, стрестік ауыртпалықты көтере білу, көшеде және тұрмыста қауіпсіз мінез-құлық, зиянды әдеттерден бас тарту бойынша медициналық кеңестер беретін болады. Сондай-ақ, шара барысында эстрада жұлдыздарының, көркем өнерпаздар ұжымдары мен ұлттық мәдениет өкілдерінің және қолдаушы топтардың көрсетілімдері мен арнайы дайындаған ойын-сауық бағдарламалары ұсынылатын болады.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры Жәмиля Баттакованың айтуынша, әрбір қазақстандықты белсенді, спортшы болуға шақыратын шараның мақсаты - қазақстандықтар арасында салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру және дәріптеу болып табылады. "Нақтырақ айтқанда, қазақстандықтарды физикалық белсенділікке, спортпен шұғылдануға шақыру, сонымен қатар, тиімді тамақтану мен зиянды әдеттерден бас тартуға және өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауға шақыру бұл шараның негізгі мақсаты",-деді ол.
Оның айтуынша, елімізде өтіп жатқан бүгінгі акциялар барлық қазақстандықтың спорттың қай түрінен болсын өзін көрсетуіне, салауатты өмір салты жөніндегі мәселелермен ақпараттандырылуына мүмкіншілік беріп қана қоймай, әрбір адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы керек деген қоғамдық пікірді қалыптастыруға ықпал етеді.