Алматыда денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауысты
АЛМАТЫ. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Денсаулық сақтау басқармасын енді 2004 жылдан бері Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы қаласы бойынша мемлекеттік санитарлық эпидемиялық қадағалау комитетінің директоры болып жұмыс жасаған Еркін Дүрімбетов басқармақ. Оны таныстыру рәсімі кезінде қала әкімі Ахметжан Есімов денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы бастығы Зәуреш Аманжолованың еңбегін атап өтіп, Алматы медицинасын реформалауда жаңа басшының алдында тұрған басым міндеттерді еске салды. Медицина ғылымының кандидаты Еркін Ермекұлы 1951 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол Қарағанды мемлекеттік медицина институтын «Санитарлық дәрігер», «Денсаулық сақтауды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша бітірген. Соңғы кездері, атап айтқанда 2004 жылдан 2009 жылға дейін қалалық санитарлық эпидемиялық қадағалау басқармасының бастығы, Мемлекеттік санитарлық қадағалау департаменті директоры, Мемлекеттік санитарлық эпидемиялық қадағалау басқармасының бастығы және Мемлекеттік санитарлық эпидемиялық қадағалау комитетінің директоры болып жұмыс жасады.