Алматыда дін жанашырлары Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Республика сарайында Мұхаммед пайғамбардың туған айына арналған Мәуліт мерекесі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Онда діни басқарма ұйымдастырған ауқымды іс-шараларға қол ұшын беріп, қолдан келген көмегін жасап келе жатқан, қасиетті ата дініміз - исламды қолдап, насихаттау жолында жанашырлық танытып, пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с.а. туған күні, туған айы Мәуліт құрметіне орай өткізілген салтанатты кештің нәтижелі болуына қосқан еңбегі үшін әнші Ескендір Хасанғалиев, Жәкен Омаров, Ақжол Мейірбеков, Юрий Кобнов, Тұңғышбай Жаманқұлов, режиссер Әубәкір Рахимов, «Асыл арна» кабельдік телеарнасының жүргізушісі Айша Кеңесбаеваны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрмет грамотасымен марапатталды. «Мәулітті кең көлемде тойлауды бастаған кезде діни әндер айтатын азаматтар таба алмай қиналып едік. Алла тағалаға мың да бір шүкір. Аз уақыттың ішінде Мәулітіміз діни әндер айтатын қанша таланттардың көзін ашып отыр», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі. Онда - Ескендір Хасанғалиев (Жаратқанға сүйініш), Жекен Омаров (Пайғамбарлар жолымен), Шәміл Әбілтай (Таңғы кәлима), Ақжол Мейірбеков (Мәуліт құтты болсын, пайғамбарға) пен «Жігіттер» тобы (Дүние кезек) жұртшылықты өз өнерімен сүйсіндірді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов жүргізген бұл мерекенің сценарийін Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының режиссері Әубәкір Рахимов жазған болатын.